Кафедра туралы ақпарат

Республикамыздың 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып егемен елге айналуы барысында төл тарихымыздың, Қазақстан тарихының Отандық тарих мәртебесінде ие болуына негіз қаланғаны белгілі. Сөйтіп, көп ұлтты Қазақстан мемлекетінде ұлттық тарихты жаңа қырынан оқып үйренуге деген қызығушылықты, ұмтылушылықты туғызып, оны меңгерудің тың оқу-әдіснамалық, ұйымдастырушылық үлгілері қалыптаса бастады. Соңдай игі шаралардың бірі сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрамындағы тарих факультеті жанынан Қазақстан тарихы кафедрасының ашылуы болып табылады.

Өзінің бастау көзін 1991 жылдың наурыз айынан алатын құрамында шағын оқытушы тарихшы ғалымдар топтасқан (тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.З.Рысбеков, профессор Г.А.Кушаев, доцент Р.З.Мұқанова, оқытушылар А.О.Әміров, О.В.Симаков, Т.С.Жумағамбетов, М.К.Сырлыбаев, Т.Нұрпейісов) бұл жаңа ұжым алғашқы күндерден бастап кәсіби маман тарихшыларды қалыптастыруға, әсіресе төл тарихымыздың көне, орта, жаңа, қазіргі кезеңдеріне сәйкес терең зерделі мағлұматтарды беруге басты назар аударды. Сонымен бірге, Қазақстан тарихын оқытудың ғылыми-әдіснамалық тұжырымдарын негіздеуге ұмтылыс жасады.

Педагогикалық институттың 1996 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетіне айналуы кафедра алдына жаңа, күрделі мақсаттар мен міндеттерді межелеуге мүмкіндік берді. Ең бастысы оның ғылыми - әдіснамалық орталыққа айналу бастамасы еді. Бұл жағдайда кафедра жетекшісі профессор Т.З.Рысбековтың тікелей ықпалымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты әкімшілігімен ғылыми келісімге қол қойып, кафедраның «Батыс Қазақстан халықтарының тарихы, материалдық және рухани мәдениеті ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін» атты басты ғылыми зерттеу тақырыбын жалпы академиялық институттың зерттеу нысанына үйлестіруі, осыған сәйкес ірі, беделді ғалымдарды, академиктерді (Қ.Н.Нұрпейісов, К.М.Байпақов, М.Х.Асылбеков, Б.Е.Көмеков, Ж.Б.Абылғожин, Х.М.Әбжанов, У.Х.Шалекенов, С.Е.Әжіғалиев, т.б.) шақырып дәрістер оқытып, ғылыми кеңестер, ғылыми пікірталастар ұйымдастыруы болып саналады.

Осы алғашқы кезеңде кафедра алдына қойылған күрделі міндеттердің бірі Қазақстан тарихын толық меңгерген ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау болып есептелді. Осыған орай кафедра жанынан күндізгі және сырттай оқу бөлімдері бар аспирантураның ашылуы, сонымен бірге ғылыми ізденіс жұмыстарымен шұғылданып, докторлық диссертациялармен айналысып жүрген ғылым кандидаттарының докторантураға, стажировкаларға жіберілуі және факультетті үздік аяқтаған, ғылыми ізденіс жұмыстарына қабілеттері бар түлектердің оқытушылар құрамына қалдырылуы, т.б. секілді нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде 90-жылдардың ортасында кафедраның алғашқы аспиранттары Т.С.Жұмағамбетов академик К.М.Байпақовтың, С.С.Кривобокова, Ә.С.Тасмағамбетов профессор Т.З.Рысбековтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық, докторант М.Н.Сдықов академик М.Х.Асылбековтың, стажер Б.Қ.Бірімжаров академик К.Н.Нұрпейісовтың ғылыми жетекшіліктерімен докторлық диссертацияларды қорғап шықты. Ал кафедра құрамы осы жылдарда жас ізденімпаз түлектермен – Ғ.Е.Қарабалин, С.Б.Құрманалин, Г.Б.Сүлейменова, Н.Н.Максина, Ж.Н.Сейітқұлова, Э.О.Орынбасарова, т.б. толықтырылды.

Кафедра жаңа жағдайда, яғни 2000 жылдан бастап, гуманитарлық университеттен мемлекеттік университетке айналуына байланысты өзінің оқу-әдістемелік, ғылыми-ізденістік, шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыруда жоғары деңгейге жетті. Ең алдымен кафедраның материалдық-техникалық базасы нығайып, оқу-лабораториялық, музей-экспонаттық кабинеттермен жабдықталып, техникалық құралдармен, оның ішінде компьютерлік жүйемен қамтамасыз етілді. Қазір студенттерге дәріс беруде жаңа инновациялық әдістерді, электрондық оқулықтарды және бағдарламаларды пайдалануға басты назар аударылып, осыған сәйкес оқу жұмыс бағдарламалары енгізілуде. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы, орта және жоғары оқу орындарында білім берудің мемлекеттік стандарттары, жалпы халықаралық деңгейде білім беру жүйесін үйлестіру талаптарын жүзеге асыру мақсатында да кафедра келелі өзгерістерді жүзеге асыруда. Бұл тұрғыда кафедра тарих мамандығы бойынша 2003 жылдан бастап бакалавариат, магистратуралардың нәтижелі жұмыс жасауына өз үлесін қосты. Сонымен бірге жоғары білікті ғылыми педагог кадрларын даярлау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 1999 жылы қаңтар айынан бастап, академик Т.З.Рысбековтің төрағалығымен «07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)» мамандығы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін Диссертациялық Кеңес жұмыс жасап, оның ғылыми мәжілістерінде кафедра аспиранттары С.Б.Құрманалин, Г.Б.Сулейменова, Ғ.Е.Қарабалиндер кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты. Сонымен бірге, тарих факультетінің үздік түлектерінің бірі Ж.Т.Ерназаров 2001 жылы ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2003 жылы университеттегі бұл Диссертациялық Кеңестің жұмыс істеу мерзімі ұзартылып, оның мәжілістерінде кафедра аспиранттары Ж.Ж.Жақсығалиев, А.И.Қаржаубаевалармен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінен Г.І.Көбенова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен Ж.Ж.Мұстафиндер де өз ғылыми ізденістерін қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Уақыт өте келе, Диссертациялық Кеңестің мақсаты мен міндеттері күрделеніп, жауапкершілігі артып, аумағы кеңейіп, 2005 жылдың маусым айынан бастап ҚР Білім және ғылым министірлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау Комитетінің шешімі негізінде Батыс Қазақстанның оқу орындарының біріккен «07.00.02-Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)» мамандығы бойынша докторлық ғылыми дәреже беретін Диссертациялық Кеңес болып қайта құрылып, оның құрамына Мәскеулік белгілі тарихшы-ғалым профессорлар Н.Е. Бекмаханова, Д.А.Аманжолова, В.М.Козьменко, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен профессорлар Ә.Исмаилов, Ә.Ауанасовалар, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтынан профессорлар Н.А.Абдоллаев, Н.К.Мұхлисовтар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен профессорлар Х.Б.Табылдиев, Ә.Қ.Мұқтар, Ү.С.Қыдыралиндер және жергілікті ғалым-профессорлар М.Н.Сдықов, Б.Қ.Бірімжаров, Ә.С.Тасмағамбетов мүшелер ретінде енгізілген. Бұл біріккен Кеңесте 2005-2006 оқу жылының өзінде ҚР тарихы кафедрасынан 4 оқытушы (Р.С.Мажитов, Б.А.Мұсаев, Л.С. Серікова, А.С.Байболсынова) және ізденушілер (Б.Қ.Санақұлова-Астана, Президенттік Мәдениет орталығынан және А.Қ.Қарамурзина-Атырау, Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінен) диссертацияларын ойдағыдай қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежелеріне ие болды.

Университеттің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасы қазіргі таңда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде үлкен табыстарға ие болып, шын мәнісінде Батыс Қазақстан аймағындағы Отандық тарих саласы бойынша ірі ғылыми орталыққа айналды.

Күні бүгін кафедраның ғылыми педагогикалық әлеуеті жоғары деңгейде. Оның құрамында 3 ғылым докторы (академик Т.З.Рысбеков, доцент Ұ.Т.Ахметова, доцент А.М. Нургалиева), 7 ғылым кандидаты, аға оқытушылар және 4 тарих магистрі тұрақты дәрістер оқып келеді. Кафедраның профессор-оқытушылары «5В011400 Тарих», «5В020300 Тарих» мамандықтары бойынша дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертацияларға жетекшілік жасап, өлке тарихына қатынасты іргелі ғылыми еңбектерді, оқулықтарды, оқу-әдістемелік құралдарды, ғылыми мақалаларды жазып, әр түрлі аймақтық, республикалық, халықаралық, ғылыми-теориялық конференцияларды, форумдарды, семинарларды, дөңгелек үстелдерді ұйымдастыруға тікелей атсалысуда.

Кафедра ұйымдасқаннан бері 25 жылда 50-ға жуық монографиялар, ұжымдық еңбектер жазылды, оның ішінде Кеңес үкіметінің саяси құрылысы, мәдениеті, Бөкей Ордасы және өлке тарихының өзекті мәселелеріне қатысты еңбектер жарық көрді.

Кафедра ғылыми-әдіснамалық орталық ретінде қаламыздағы, көршілес облыстардағы оқу орындарымен, сондай-ақ Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Ә.Марғұлан атындағы Археология, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану ғылыми-зерттеу институттарымен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедраларымен, ҚР Президентінің Ұлттық Мәдениет Орталығы ғылыми қызметкерлерімен тікелей байланыста. Сонымен бірге, кафедра Батыс Қазақстанмен шекаралас орналасқан Ресей Федерациясының Орынбор, Самара, Саратов, Астрахань, Волгоград облыстарындағы және РФ Қалмақ Автономиялық Республикасының Қалмақ мемлекеттік университетімен, РФ Татарстан Автономиялық Республикасы Казань мемлекеттік университетімен, Германияның Пассау университетімен, Оңтүстік Корея Республикасының Сеул университетімен, РФ Ресей Халықтар достастығы университетімен, Түркия Республикасы Ардахан университетімен оқу-әдістемелік және ғылыми байланыс жасап, өзара тәжірибе алмасу арқылы білім сапасын арттыруға, ғылыми сабақтастыққа қол жеткізді.

Әр жылдары кафедраның шақыруымен тарихшы студенттер алдында көрнекті ғалымдар Санкт-Петербургтен С.Кляшторный, А.Алексеев, Мәскеуден Н.Бекмаханова, Д.Аманжолова, Волгоградтан С.В.Голунов, Орынбордан Л.А.Краева, Е.И.Максименко, Чехиядағы Карлов университетінен Томас Кучера, Қалмақ мемлекеттік университетінен П.М.Кольцов, ҚХР ШҰАР Тарих және қоғамдық ғылымдар институтының профессоры Ахмет Шадыман, Германияның Пассау университетінен Томас Вюнш, Түркияның Ардахан университетінен профессор Орхан Суйлемез секілді танымал ғалымдар дәрістер оқып, студенттер тарапынан үлкен қызығушылықты туғызды.

Күні бүгін т.ғ.к., доцент А.Е.Бижанованың жетекшілігімен 15 профессор-оқытушыдан тұратын кафедра ұжымы жұмыс жасайды. Қазіргі кезде кафедраға карасты археологиялық мұражай, 1 ғылыми орталық бар.

Кафедра жанында «5В011400 Тарих», «5В020300 Тарих» мамандықтары бар, сол сияқты «6М011400 Тарих», «6М020300 Тарих» мамандықтары бойынша магистратура жұмыс жасайды.

Жалпы, еліміздің тәуелсіздігінің төл ордасы Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасы қазіргі кезенде өзінің киелі білім ордасы - университетіміздің ірі де іргелі оқу-тәрбие, ғылыми-ізденіс жұмыстарының орталығына айналып, әсіресе Батыс Қазақстан аймағына қатынасты Отан тарихының өзекті мәселелерін зерделеуге тарихшылардың орталық мектебі міндетін атқаруда.

Кафедраның мақсаты:

- болашақ мамандарды тарихи біліммен қаруландыру, студенттерді патриотизм мен гуманизмге тәрбиелеу; педагогикалық әрі ғылыми кадрларды жаңашыл шығармашылық бағытта жұмыстандыру; орта мектеп мұғалімдеріне Қазақстан тарихынан және оны оқыту мәселелерінен көмек көрсету.

Бағыты:

- «Тарих» (педагогикалық), «Тарих» (ғылыми) мамандықтары бойынша орыс және қазақ тілдерінде жоғарғы кәсіби мамандарды даярлаудың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру;

- Отан тарихының өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру;

- еліміздің алдыңғы қатарлы ЖОО-ның, Батыс Қазақстанмен шекаралас орналасқан Ресей Федерациясының Орынбор, Самара, Саратов, Астрахань, Волгоград облыстарындағы және РФ Қалмақ Автономиялық Республикасының Қалмақ мемлекеттік университетімен, РФ Татарстан Автономиялық Республикасы Казань мемлекеттік университетімен, Германияның Пассау университетімен, Оңтүстік Корея Республикасының Сеул университетімен, РФ Ресей Халықтар достастығы университетімен, Түркия Республикасы Ардахан университетімен оқу-әдістемелік және ғылыми байланыс жасап, өзара тәжірибе алмасу арқылы білім сапасын арттыруға, ғылыми сабақтастыққа қол жеткізу.

Кафедрада ғылыми зерттеу жұмыстары 2 бағытта жүргізіліп жатыр

1. Батыс Қазақстан тарихы, қоғам және мемлекет қайраткерлері және тарихи өлкетану мәселелері

2. Қазақстандағы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар және тарихи тұлғалар

Кафедра жанындағы ғылыми орталықтар:

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жұмыс бағыты

 

БҚО мәдениет БҚМУ ҒЖ және БҚО облыстық

Басқармасы ХБ бөлімі, кафедра білім беру орталығы

Қызметкерлері мамандықтары

 

Археологиялық мұражай

Мұражай өлкенің байырғы тарихының көпжылдық далалық зерттеулері нәтижесінде жинақталған археологиялық коллекциялар негізінде құрылған.

Мұражай тарихи құндылығы жоғары археологиялық экспедиция барысында жинақталған заттай ескерткіштерді есепке алу, сақтау, оларды ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады, сондай-ақ оқу аудиториясы қызметін атқарады.

Мұражай экспозициясында Г.А. Кушаев жетекшілігімен жүзеге асқан экспедиция және қазіргі таңдағы зерттеу жұмыстары барысында жинақталған заттай ескерткіштер жинақталған.

Кафедра төмендегідей мамандықтар бойынша мамандар дайындауды жүзеге асырады:

Бакалавр:

- 5В011400 Тарих 5В020300 Тарих

Магистратура:

- 6М011400 Тарих 6М020300 Тарих

- Жалпы, кафедра жұмысының негізгі бағыттары болашақ тарихшы мамандарды Қазақстандық ұлтжанды, отансүйгіш және гуманистік көзқарастағы нарық сұранысына сай педагог және ғылыми-тарихшы мамандар ретінде даярлау болып табылады.